Білімді және сауатты жастар қашан да болмасын ел болашағының айқын кепілі. Егеменді еліміз дамыған сайын, қоғамның барлық саласында түрлі өзгерістер орын алып, алға жаңа талаптар, міндеттер мен мақсаттар қойылуда. Оның ішінде ең бастысы – келер ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатында еліміздің білім жүйесін жетілдіру жұмыстарын қарқынды жүргізу. Сапалы білімнің мызғымас тірегіне айналған әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 1934 жылы негізі қаланғаннан бері осы міндеттерді қарқынды түрде атқарып келеді. Бар білгенін шәкірттеріне үйретуге дайын тұратын профессорлық оқытушылық құрам мен болашақ өз ісінің нағыз маманы боларлық студенттердің басын қосқан Университетіміз өз беделін тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, сондай -ақ әлемдік деңгейде де дәлелдеген. Ғылым, білім беру және инновациялық өндіріс интеграциясы нәтижесінде, ҚазҰУ танымал әлемдік зерттеу университеттері қатарында. Алдағы уақытта Университет тиімді түрде жүзеге асыратын төрт маңызды миссиясын белгіледі. Ол – сапалы білім беруді, терең ғылыми-зерттеулер жүргізуді, жаңа инновацияларды өндіріске енгізуді және жоғары білімді-білікті мамандарды елін, адамзатты сүйген тұлғалар ретінде рухани-адамгершілік тәрбие арқылы қалыптастыруды көздейді. ҚазҰУ бүгін – жаңа білім үлгісі, жаңалықтар жаршысы. Қазақстан тәжірибесінде бірінші рет университет толығымен халықаралық бағдарлама талаптарына сай келетін эксперименталды білім бағдарламасына көшті. Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің жапсырмасыз ашықтығы, білім алушылардың академиялық ілкімділігі, «бакалавр-магистр- PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Қазақ ұлттық университетінің дамуына Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы да өзіндік үлесін қосты. Кафедра дайындайтын мамандықтардың оқу бағдарламалары жоғарғы білім беру сапасын арттырып,білікті мамандар санын көбейтуде. Факультет миссиясы-қазіргі еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін,құқықтану саласында кәсіби құзыреттілікке ие, көзқарастар мен құндылықтарға сай жаңа буындағы заң кадрларын қалыптастыру,мықты маман дайындау. Білім беру бағдарламалары бойынша маман даярлау жоғары білікті профессорлар мен оқытушылар арқылы жүзеге асырылады. Әйгілі ҚазҰУ қалашығында жайлы жатақханалар мен технопарк, тамақтандыру комбинаты, интернет орталығы, Орта Азия аумағында теңдесі жоқ «Әл-Фараби» кітапханасы мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, студенттерге арналған спорттық кешен орналасқан. Олардың барлығы да ұлттық университет білімгерлерінің денсаулығы, болашағы мен білім алу жолында ерекше орын алары сөзсіз. Ең бастысы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде студенттік өмірдің көтеріңкі көңілмен өтетіні сөзсіз. Әр талапкердің арманына айналған қарашаңырағымызда өмірдің ең сәнді де мәнді беттерін ашатынына сенімдіміз. ҚазҰУ бүгінгі күні — қарқынды дамып келе жатқан университеттердің бірі әрі бірегейі.Әрбір білім ошағының мақсаты болары анық.Біздің университеттің басты мақсаты-еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, заң саласына,экономиканың маңызды бағыттарының қарқынды даму мәселелерін шешуге бағытталған заманауи, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыру. ҚазҰУ ашылған жылдар ішінде феноменалды жетістікке жетті. Соның арқасында мемлекет, қала берді, әлем университеттері алдында имиджін қалыптастырды. Білім елінде білікті де білгір мамандарды дайындауда алдына жан салмайтын ұлттық университет тарихы елдің, одан әрі адамзаттың тарихы екендігін естен шығармау керек.
Л.Ш. Берсугурова
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, заң факультеті,
қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу
және криминалистика кафедрасының
профессоры, з.ғ.д.
А.Б. Шарипова
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, заң факультеті,
қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу
және криминалистика кафедрасының
доценті, з.ғ.к.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, заң факультеті,
1- курс магистранты А.П. Паришова