Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан, жас жетіншек үшін университет таңдау басты мәселе. Өмірде өз жолын қалыптастыруға талпынған түлектерге, сапалы білім ордасын таңдау оңайға соқпайтыны анық. Осы күрмеуі қиын мәселеде дұрыс шешім шығару, абитуренттің алдағы өміріне тікелей әсер етеді. Алматыға арман қуып келген ұл – қыздар үшін, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дұрыс таңдау. 87 жылдық тарихы бар аталмыш оқу орны жастарға білім мен тәрбиені қатар береді. Адамзаттың екінші ұстазы – әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін айқындап тұрғандай. Білім мен тәрбие бірдей берілген кезде ғана, отансүйгіш, білімге құмар, ұлтының болашағы жолында қызмет ететін ұрпақ өсіре аламыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жалпы саны 14 факультет бар. Әр факультет жылына мыңдаған мамандар даярлап шығарады. Сонымен қатар, университет «ҚазҰУ қалашығымен» танымал. Қалашық аумағында факультеттер мен жатақханалардан бөлек, кітапхана, студенттерге қызмет көрсету орталығы, спорт кешені орналасқан. Студенттер білім алып қана қоймай, түрлі ұйымдарға тіркеліп, қоғаммен байланыс орнатып, университет қарбырғасында өткен шақтарын қызықты етуге талпынады. Сапалы білім беріп қана қоймай, жас жеткіншектерді ересек өмірге бейімдеу, қоршаған ортамен байланыс орнатуға көмектесу, қоғамды жақсы жаққа өзгертуге бастау, осының барлығы жоғары оқу орнының басты міндеттері. Жастар болашағы тек қана білім алумен шектелмейді. Жарқын болашаққа жол салу үшін, білімнен өзге факторларды да ескерген жөн. Білім алушының өзін толыққанды қоғамның мүшесі ретінде қалыптастыруына жағдай жасау арқылы, біз өз-өзіне сенімді, жасаған жұмысына мығым мамандар дайындай аламыз.
Білім беру барысында тәрбие тәртіп қатар жүруі керек. Тәртіп пен тәрбиені ұштастыра білген факультет ретінде «Заң факультетін» айтсақ болады. Факультет іргесі 1934 жылы қаланған. Сол жылдан бері аталмыш факультет түрлі жаңарулар мен өзгерістерді басынан өткерді. Заң факультеті құқықтану және кеден ісі мамандықтары бойынша мамандарды оқытады. Сонымен қатар заң факультетінің студенттері магистратура және PhD докторантурасына түсуге мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңда факультеттің жастарға ғылыми тәжірбие жинақтауға, шетелмен байланыс орнатып, білім сапасын арттыруға әлеуеті жеткілікті. Студенттерге 30 шақты докторлар мен профессорлар, 80-нен аса ғылым кандидаттары, доценттер білім береді. Жүйелі берілген білімнің арқасында шәкірттер өз жетістіктерімен ұстаздарын қуантуда. Факультеттің негізгі мақсаты, заңды жетік меңгерген, өз ісіне адал, берген сертінде тұратын, алған білімдерін ұлттың дамуы жолында пайдаға асыратын, әділеттілікті ту етіп көтерген жастарды дайындау. Осы тұрғыда заң факультеті өз міндетін жоғары деңгейде атқаруда.
Заң – мемлекеттің негізгі тірегі. Ата заңы бір жүйеге келтірілмеген ұлттың, мемлекет болып қалыптасуы екі талай. Заң жүйесін парақорлар мен өз қызметін асыра сілтеп пайдаланушылар жайласа, не елдігіміз, не бірлігіміз қалмасы анық. Сол себепті, болашақ заңгерлер мен құқық қорғау органдарының мүшелерін даярлауда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетінің еңбегі ұшан теңіз. Білікті маман ғана дайындап қоймай, шәкірт бойына әділеттіліктің, шыншылдықтың дәнін себу кез-келген оқытушының қолынан келетін іс емес. Оны тек ұстаз деген атқа лайықты асыл жандар ғана жасай алады. Алған білімін өз орнымен қолдану, әділетсіздіктің шырмауына түскен жанға дұрыс жол көрсету, шәкірт тарапынан ұстаз еңбегін ақтағаны емес пе? Адам құқығы тапталмайтын, заң талаптары сақталатын мемлекетте құқық бұзылушық іс-әрекеттер азаяды. Себебі, заң адамды түріне, түсіне, нәсіліне, дініне, ұлтына қарап бөлмейді. Заң бәріне ортақ. Барлық адамзат жүретін бір із. Заң – адам құқығын қорғай отырып, таңдау еркіндігін береді. Заң мен тәртіп – мемлекеттің негізгі құраушысы. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай «тәртіпке бағынған құл болмайды». Заң жүйесіне бағынған ұлттың керегесі берік, шаңырағы биік болады. Ұлт болашағы үшін заң жүйесіне аса мән берген абзал. Заң факультетінде оқитын студенттер үшін білім алу барысында, теорияға сүйену және тәжірбиені дұрыс бағытта алу өте маңызды. Қазақта «не ексең, соны орасың» деген жақсы сөз бар. Сол себепті, ұстаздар қауымы шәкірт тәрбиелеу кезінде адами құндылықтарға да мән бергендері жөн. Жоғарыда айтып өткендей, білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс. Сол кезде ғана адамгершілігі мол, жауапкершілікті сезіне алатын, әділетті қоғам мүшелерін тәрбиелей аламыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факултеті еліміздегі заңгерлерді дайындайтын бірден-бір оқу ордасы. Заң факультеті түлектерінің арасында ҚР сот және құқық қорғау органдары, прокуратура органдары, ІІМ, қаржы полициясы, ҚР әділет министрлігі басқармаларының басшылары аз емес. Барлығы дерлік әділеттілік жолында адал қызмет етуде. Бұл түлектер тек қана заң факультетінің емес, күллі ҚазҰУ-дың мақтанышы.
Болашақ жас түлек, сапалы білім мен қызықты студенттік шақты ұштастырғың келсе әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңда! ҚазҰУ жарқын болашақтың кепілі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті : Нұрлан Анар
Жетекшісі : доцент, заң ғылымдарының профессоры Атаханова Гульзагира