Алматы қаласында ел тарихындағы ең күрделі әрі ауыр кезеңдердің бірі – Ауған соғысының зардаптары мен тарихи сабақтарына арналған мазмұнды конференция өтті. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асатын “Азаматтық борыш” жобасы аясында ұйымдастырылған “Ауған соғысы: қайғысы мен қасіреті” атты маңызды шара А.Чехов атындағы кітапханада өтті. Жиынға Ауған соғысының ардагерлері, сол жылдардағы қанды шайқастарды көзімен көрген жауынгерлер, сонымен қатар бұл тақырыпты ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан тарихшы ғалымдар, сондай-ақ Алматы қаласының оқу орындарынан келген студенттер қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – Ауған соғысының тарихи ақиқатын жастарға жеткізу, отан қорғау жолында қаза тапқандардың рухына тағзым ету, ардагерлердің ерлік жолын ұлықтау және олардың бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерін талқылау болды. Ардагерлер өздерінің жауынгерлік жолы туралы сыр бөлісіп, соғыс жылдарындағы қиындықтарды, майданның ауыр психологиялық және рухани салмағын еске алды. Тарихшы мамандар Ауған соғысының геосаяси себептерін, оның Қазақстан тарихындағы орнын, елден аттанған жауынгерлердің ерлік үлесін ғылыми тұрғыда түсіндірді. Сонымен қатар, жас буынның патриоттық тәрбиесі мен ардагерлермен тұрақты жұмысты нығайту жөнінде пікірталас өтті. Ұйымдастырушылар соғысқа қатысқан азаматтардың ерлігін тек жыл сайынғы еске алу күндерінде ғана емес, тұрақты форматта насихаттау қажеттігін атап өтті. Ардагерлердің әлеуметтік, психологиялық қолдау мәселелері де талқыланды.

Шара соңында қатысушылар Ауған соғысының ел тарихындағы маңызы мен бүгінгі ұрпаққа қалдырған тағылымы жөнінде ортақ ой түйіп, мұндай іс-шаралардың жас буын тәрбиесіндегі рөлі зор екені атап өтілді. Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Іс-шара соңында ардагерлерге арналған кофе-брейк ұйымдастырылды.
Social project management орталығы















