Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы АҚШ-тың Michigan State University (MSU) делегациясымен кездесті.
Кездесу барысында тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және академиялық тәжірибе алмасу бағыттарын талқылады.

Университет басшылығы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту білім мен ғылым саласындағы өзара байланысты нығайтудың маңызды тетігі екенін атап өтті.
MSU делегациясы құрамында халықаралық зерттеулер және бағдарламалар жөніндегі вице-провост, декан Титус Авокусе, халықаралық зерттеулер жөніндегі қауымдастырылған декан Амита Чудгар, Visiting International Professional Program директоры Синьюй Ву, Еуропалық және Еуразиялық зерттеулер орталығының директоры Володимир Тарабара, сондай-ақ Asia Hub зерттеулер жөніндегі қауымдастырылған директоры Яду Покрел болды.
Кездесу аясында бұған дейінгі ынтымақтастық нәтижелері сараланып, алдағы кезеңдегі басым бағыттар айқындалды. Титус Авокусе екі жоғары оқу орны арасындағы серіктестік академиялық тәжірибе алмасуға жол ашып, халықаралық білім беру кеңістігіндегі байланысты күшейтетінін атап өтті.

Тараптар академиялық ұтқырлық, ғылыми тағылымдамалар, бірлескен зерттеу жобалары, цифрлық білім беру және профессор-оқытушылар құрамының кәсіби дамуы бағыттарындағы ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты.
Сапар аясында шетелдік делегация мүшелері университет кампусын, QyzPU мұражайымен және Сералы Қаниев атындағы кітапхана қорымен танысты.
Кездесу қорытындысында тараптар халықаралық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға және стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.
ҚызПУ Баспасөз қызметі















