15-16 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде осы сауалға әртүрлі ғылым салаларының өкілдері бірлесе жауап іздейді. «Тұрақты дамуға арналған пәнаралық ғылым: білім беру, зерттеу және цифрлық трансформация» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция география, экология, химия, биология, білім беру және цифрлық технологиялар саласындағы ғалымдарды бір алаңға жинайды.
Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаға түсетін антропогендік қысым, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоғамның цифрлық трансформациясы ғылым алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Бұл мәселелерді бір ғана ғылым саласының шеңберінде шешу барған сайын күрделене түсуде. Географ, эколог, биолог, химик және білім беру саласының мамандары бірлесе әрекет еткенде қандай жаңа ғылыми шешімдер ұсынуға болады? Цифрлық технологиялар табиғи үдерістерді зерттеу мен болжауды қалай өзгертеді? Ал ғылыми зерттеулердің нәтижесін білім беру мен нақты тәжірибеге қалай енгізуге болады?
Халықаралық конференция барысында қазақстандық және шетелдік ғалымдар осы мәселелерді пәнаралық тұрғыдан талқылайды. Негізгі назар қоршаған ортаның тұрақты дамуына, география мен экологиядағы цифрлық технологияларға, химия ғылымының заманауи бағыттарына, биологиялық зерттеулер мен инновацияларға, сондай-ақ ғылым мен білім берудегі цифрлық трансформацияға аударылады.
Конференция тек ғылыми нәтижелерді таныстырумен шектелмейді. Қатысушылар жаңа зерттеу тәсілдерін, технологиялар мен тәжірибелерді талқылап, тұрақты даму міндеттерін шешуде әртүрлі ғылым салаларының әлеуетін біріктіру жолдарын қарастырады. Пленарлық баяндамалармен қатар параллель тақырыптық секциялар, арнайы шеберлік сағаттары мен тренингтер, постерлік сессиялар және Workshop-тар ұйымдастырылады. Конференция қорытындысында ортақ резолюция қабылданады.
Іс-шара география ғылымдарының докторы, профессор Күләш Дүйсенбайқызы Каймулдинованың 60 жылдық мерейтойына арналады. Көпжылдық ғылыми-педагогикалық қызметінде ғалым Қазақстандағы география және жаратылыстану ғылымдарының дамуына, білім беру мазмұнын жетілдіруге және жаңа буын мамандарын даярлауға елеулі үлес қосты.
Халықаралық ғылыми жиын қазақстандық мен шетелдердік ғалымдардың, оқытушылардың және жас ғалымдардың жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және тұрақты даму мәселелеріне қатысты зерттеулерді бірлесіп орындау мәселесін талқылауға мүмкіндік береді.
Шара аясында БАҚ өкілдеріне отандық және шетелдік ғалымдардан сұхбат алуға, климаттың өзгеруі, экологиялық тұрақтылық, цифрлық технологиялар және ғылым мен білімнің болашағы туралы сараптамалық пікірлер алуға мүмкіндік беріледі.
Өтетін күні мен уақыты: 2026 жылғы 15 қазан, сағат 09:00
Өтетін орны: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы қаласы, Достық көшесі, 13.
Ұйымдастырушы: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану және география факультеті.
Жұмыс тілдері: қазақ, орыс, ағылшын.
БАҚ өкілдері үшін: Мұздыбаева Қарлығаш Қаманайқызы, +7 7017398135, mkk77@mail.ru















