2026 жылғы 27 қарашада Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында (КазГАСА) Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының 35 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Ғылыми жиын «Жасанды интеллект дәуірінде ғылым мен жоғары технологиялық өндірісті интеграциялаудағы инженерлік қызметтің стратегиялық басымдықтары» тақырыбына арналды, — деп хабарлайды Alatauinfo.kz.

Халықаралық басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақстандық және шетелдік ғалымдар, инженерлік қауымдастықтардың өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жетекшілері мен салалық мамандар қатысты.

Конференция барысында ғылым, инженерлік білім және жоғары технологиялық өндірістің өзара ықпалдастығын арттыру, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан жаңғырту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, сондай-ақ жаңа буын инженерлерін даярлаудың басым бағыттары талқыланды.
Ғылыми жиынға ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, академик Бақытжан Жұмағұлов пен КазГАСА Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, академик Қырымбек Көшербаев модераторлық етті.
Конференцияның ашылуында Бақытжан Жұмағұлов Ұлттық инженерлік академияның 35 жылдық даму жолына шолу жасап, отандық инженерлік ғылымның жетістіктері мен заманауи технологиялардың әлеуетіне тоқталды. Академик жасанды интеллект қарқынды дамып келе жатқан кезеңде инженерлердің кәсіби құзыреттілігі мен жауапкершілігі ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Өз кезегінде Қырымбек Көшербаев ғылым мен жоғары білімнің экономиканың нақты секторымен байланысын нығайтудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу және инженерлік мамандықтардың қоғамдық мәртебесін көтеру қажеттігін жеткізді.
Конференцияның ғылыми бағдарламасы еліміздің ғылыми-технологиялық дамуы, өнеркәсіпті жаңғырту, халықаралық ғылыми-техникалық байланыстарды кеңейту, инженерлік білім беру, жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеу технологиялары секілді өзекті бағыттарды қамтыды.
КазГАСА ректоры Бахтияр Сабденалиев өз баяндамасында құрылыс индустриясының технологиялық жаңғыруы жағдайында инженерлік және сәулет-құрылыс саласының білікті мамандарын даярлау бойынша академияның тәжірибесі мен алдағы даму мүмкіндіктерін таныстырды.

Іс-шара шеңберінде сәулет-құрылыс саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктер мен инновациялық шешімдерге арналған халықаралық көрме де өтті. Көрмеде КазГАСА ғалымдарының ғылыми жобалары, озық технологиялары, заманауи құрылыс конструкциялары және ғимараттардың макеттері көпшілік назарына ұсынылды.
Әсіресе ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін күшейтуге арналған технологиялар мен сейсмоплатформаның жұмыс істеу мүмкіндіктері конференция қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды.
Халықаралық ғылыми басқосу ғалымдар, жоғары оқу орындары және өндіріс өкілдері арасындағы тәжірибе алмасуға, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен инновациялық жобаларды дамытуға жол ашатын маңызды пікір алмасу алаңына айналды.
Осындай ауқымды конференцияның КазГАСА қабырғасында өтуі академияның инженерлік және сәулет-құрылыс білімін жетілдіру, қолданбалы ғылымды өркендету және инновациялық технологияларды дамыту бағытындағы маңызды орнын тағы бір мәрте айқындады.















