Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен “Азаматтық борыш” жобасы аясында кездесулер өтті.Ол кездесулерге Ауғаныстан соғысының ардагерлері: Мирзалиев Мұхит, Шымырбаев Жандос, Құнанбай Жұмат, Мамбетов Құрманғали, Валиахметов Аят, Шалқарбеков Ержан, Сандуов Бекен және Алпысбаев Мақсат қатысқан болатын. Әр кездесуге кемінде 40 шақты студенттер қатысты. Кездесулер 10 колледжде өтті. Олар: ALT педагогикалық колледжінде, Принтмедиа технологиялар колледжінде, Алматы қаржы-экономикалық колледжінде, Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінде, Д.А.Қонаев атындағы колледжінде, Алматы көпсалалы колледжінде, Республикалық жоғары медицина колледжінде, Алматы құрылыс-техникалық колледжінде, Еуразия агро-техникалық колледжінже және Алматы электромеханикалық колледжінде өткен болатын.

Кездесулердің негізгі мақсаты – жастарға отансүйгіштік пен елжандылықты дәріптеу, тарихқа құрметпен қарауға баулу, сондай-ақ ардагерлердің ерлігін үлгі ету. Бүгінгі жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру, ел тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу – заман талабы. Осы мақсатта өткізілген «Азаматтық борыш» жобасы аясында біз, студенттер, Ауған соғысының ардагерлерімен тағылымды кездесулер өткіздік. Бұл шара жас буын мен ел үшін жанын шүберекке түйген ер азаматтардың арасындағы рухани көпірге айналды. Кездесудің басты қонақтары – Ауған соғысында интернационалдық борышын өтеген ардагерлер болды. Олар – елдің тыныштығы мен бейбіт болашағы үшін өз жастық шағын майдан шебінде өткізген азаматтар. Кездесу барысында ардагерлер студенттерге Ауғанстанда болған соғыс жайлы шынайы әрі жан тебірентерлік естеліктерімен бөлісті. Олар майдан даласындағы қиындықтар, достарының ерлігі, соғыс кезіндегі адамгершілік пен бауырмалдық туралы айтты. Ардагерлер өз сөздерінде бейбіт өмірдің, Тәуелсіздіктің қадірін білу керектігін баса айтты. «Біз соғыстың не екенін көрдік. Бүгінгі ұрпақ соғысты кітаптан оқып қана білсе екен дейміз» — деді ардагерлердің бірі.

Сондай-ақ, олар жастарды білім алуға, елге адал қызмет етуге, қоғамдағы белсенділікке шақырды. Көпшілік бұл кездесуден рухани әсер алып, өз елінің тарихына деген құрметі арта түскенін жасырмады. Мұндай кездесулер жастар мен ардагерлер арасында байланысты нығайтып қана қоймай, өткен тарихтан тағылым алып, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді. «Азаматтық борыш» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шара патриоттық тәрбиенің жарқын үлгісіне айналды.
Social project management орталығы
















