Елімізде Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша жарияланған республикалық референдумға Түркістан облысының тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Екі миллионнан астам тұрғыны бар өңірде 1,1 млн. сайлаушы тіркелген. Оларға 900-ден астам референдум учаскесі әзірленген. Жалпыхалықтық маңызды референдумға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те қатысып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да ұйымдастырылған №133 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.

Аталған сайлау учаскесінде 2,5 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Сағат таңғы 7-ден бастап белсенділік танытқан тұрғындар Жаңа Қазақстанды құруға деген ниеттерін білдіріп, өз таңдауларын жасады. Референдум учаскесінің төрағасы Бегахмет Абусейтовтың айтуынша, референдум заң талаптарына сай әрі жоғары деңгейде өтіп жатыр.
– Бұл аумаққа тіркелген сайлаушылардың белсенділігі өте жақсы. Учаске таңғы 7.00-ден бастап ашылды. Ең алғаш келіп, дауыс берген азаматтарға сый-сыяпат жасалды. Мұнда 2459 сайлаушы тіркелген. Оның көпшілігі – университет студенттері мен ұстаздары және қала тұрғындары. Учаскеде барлық әдістемелік құрал-жабдықтар орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалып, арнайы кабиналар қарастырылған, – деді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, №133 сайлау учаскесінде Түркістанда гастролдік сапармен жүрген «Астана Опера» театрының әртістері де болып, референдумға қатысты. Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге өз көзқарастарын бюллетень арқылы білдірді.
Түркістан қаласындағы «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында орналасқан №880 сайлау учаскесінде қаланың шеткі шағынаудандарының тұрғындары да Конституциядағы өзгерістерге дауыс берді. Мұнда 1933 сайлаушы тіркелген. Таңнан бастап келген тұрғындар Жаңа Қазақстанды құруға деген талпыныстары жоғары екендерін аңғартты.
Жалпы Түркістан облысында референумға дайындық жоғары деңгейде жүргізілді. Облыстық қоғамдық штаб құрылып, халықпен 1500-дей кездесу өткізді, 180 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Сонымен бірге «Amanat» партиясы жанынан құрылған штаб та түсіндіру, үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Өңірдегі 914 сайлау учаскесінде 6500 бақылаушы референдумның әділ өтуін бақылап отыр. Сағат күндізгі 10-ға дейінгі мәлімет бойынша Түркістан өңірінде сайлаушылардың 33,15 пайызы өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Облыстың барлық аудан, қалаларында дауыс беру жалғасып жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі