Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді,кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.
Жобаны ұйымдастырудағы басты мақсат -қара шаңыраққа оқуға келген жас студенттерге төрт жылда жүз кітапты оқып шығуы азаматтық борыш екендігін сезіндіру. Өзге жоғары оқу орындары студенттерінен ерекшеленетін басымдығы да осы болмақ. Осылайша жастар арасында кітап оқуды сәнге айналдыру қажет. Бұл – рухани, үлкен жоба. Әр университет өз түлегімен мақтанатындығын ескерсек, дайындаған кадрларымыз рухани дүниемен сусындап шықса, мықты маман болары сөзсіз.Жоба аясында ҚазҰУ студенті оқуға тиіс үздік отандық және әлемдік авторлардың классикалық шығармалары таңдалды және тізімі жасалған болатын.Жоба басталған бірнеше жылдың ішінде әл-Фараби кітапханасының ұйымдастыруымен оқырмандар конференциялары, шығарма авторларымен кездесу кештері, жаңа кітаптың тұсаукесері және студенттер арасында сауалнамалар жүргізу сынды игі іс-шаралар ұйымдастырылды.
«ҚазҰУ студенті оқуы тиіс 100 кітап» жобасы – бүгінде ерекше мәнге ие жастарды көркем шығарма оқу мен кітап құндылығын арттыратын рухани шара. Жақсылыққа бастайтын ең ізгі құрал осы – кітап. Кітаппен өскен ұрпақ қандай жағдайда да, қай жерде де өресі биік, рухани таза тұрары сөзсіз.
Ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып қана қоймай, авторлармен кездесулер ұйымдастырылады. Кез-келген ақынмен, жазушы, ойшылмен кездесу ерекше әсер берері сөзсіз. Әр ақын-жазушы, шығармашыл адам – тыңнан түрен салушы, жалпақ жұрттың ойына келмегенді айтумен, қиялының ұшқырлығымен ерекшеленеді. Сол арқылы адамның санасын оятады.
Бір ғана шығарма болашақ мамандарымызды тазалыққа, отансүйгіштікке, адалдыққа, ұлтжандылыққа, руханилыққа тәрбиелеуі мүмкін. Көптеген жылдар бойы адамның ішіндегі бұғып жатқан дүние, ақынның бір шығармасымен сыртқа шығуы мүмкін. Ақын бір өлеңімен-ақ адамның өмір бойы кітапқұмарлығын ашуы мүмкін.Білікті де білімді маманмен қоса, тәрбиелі де саналы адам тәрбиелеу басты мақсат.
Қара шаңырақтың ізгі бастамасын қолдай отыра, заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының студенттері мен магистрантары «100 кітап» жобасының аясында «Ұшқан ұя» атты кітапты талқылады. «Ұшқан ұя» романы – Бауыржан Момышұлының мемуарлық шығармасы.Талқылау барысында студенттер мен магистранттар кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп,өзара талқылау жүргізді.Батыр бабамыздың балалық шағына саяхат жасады,үлгі алар тұстары мен үйренер дүниелердің мол екенін тілге тиек етті.Шығармадан намысшылдық,турашылдық,ұстамдылық пен ізгіліктің ара жігін ажыратып,қоғам үшін мол мұра екенін түсінді.
Мухамадиева Гүлжан Нүсіпжанқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті,з.ғ.к
Жанибеков А.К Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті,Phd докторы
Дүзбаева С.Б Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті,Phd докторы
Касенов Тимур
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының магистранты