Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен “Азаматтық борыш” жобасы аясында еліміздің жас буынына патриоттық тәрбие беруді көздейтін экскурсиялар өз мәресіне жетті. Бұл шараның басты мақсаты – жастарға Қазақстанның әскери тарихын тереңірек таныстыру, Отан қорғаушылардың ерліктері мен қаһармандық жолдарын насихаттау болды. Экскурсиялар “Мәңгілік даңқ” мұражайында өтті.

Экскурсия барысында студенттер түрлі тарихи кезеңдерді қамтитын жәдігерлермен танысты. Музей залдары Ұлы Отан соғысынан бастап, Ауған соғысына дейінгі кезеңдерді қамтып, әр дәуірдің батырлары мен олардың ерлік жолдарына арналған деректермен, құжаттармен, қару-жарақ үлгілерімен толықтырылып безендірілген. Сонымен қатар, тыңдаушылар еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы Қарулы Күштерінің дамуы туралы да мәліметтер алды. Музей қызметкерлері студенттерге әрбір зал мен ондағы көне жәдігерлер жайлы мазмұнды әрі әсерлі әңгімелер айтты. Әсіресе студенттерді әсерге бөлеген бөлім – майдан даласынан келген хаттар мен жауынгерлердің жеке заттары болды. Бұл жәдігерлер жастардың санасына бейбітшіліктің бағасын терең ұғынуға септігін тигізді.

Экскурсия соңында студенттер өз әсерлерімен бөлісіп, сұрақтар қойып, кейбір тақырыптарға ерекше қызығушылық білдірді. Мұндай шаралар тек білім беріп қана қоймай, жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, ел мен жерге деген жауапкершілікті қалыптастырады. «Азаматтық борыш» жобасы осындай тәрбиелік маңызы зор бастамалар арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып келеді. Алдағы уақытта да мұндай экскурсиялар мен кездесулер жалғасын табады деген сенімдеміз. «Азаматтық борыш» жобасы арқылы жүзеге асырылған бұл сапар – студенттердің өмірінде есте қаларлық, тәрбиелік мәні зор сәттердің бірі болды. Көптеген жастар үшін бұл алғашқы рет әскери музейге бару еді, ал олардың жүздеріндегі қызығушылық пен құрмет – мұндай шаралардың маңыздылығын тағы бір дәлелдеді.

Алдағы уақытта осындай танымдық және тәрбиелік іс-шаралар легі жалғасын табады. Себебі өткенді білмей, болашаққа дұрыс қадам жасау мүмкін емес. Еліміздің бейбіт аспанын бағалап, ұлттың батырларына тағзым ету – әрбір азаматтың борышы.
Social project management орталығы
















