Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Біздің ата- бабаларымыз «тәні саудың — жаны сау» немесе «бірінші байлық-денсаулық», — деп бекер айтпаған. Осы нақыл сөздің салмағын,жүктер жауапкершілігін сезіне отырып, ҚазҰУ-да жыл сайын дәстүрлі түрде «Парасат» кәсіподағы қызметкерлерінің және ҚазҰУ-дың спортклубының ұйымдастыруымен «Денсаулық» спартакиадасы өтеді.
Спартакиаданың басты мақсаты-оқытушы-профессорлар құрамының, қызметкерлердің және докторанттардың денсаулықтарын шынықтыру, салауатты өмір салтын насихаттау,бой сергіту.Бұл игі бастама осы жылы 49-шы рет жалғасын табуда.Дені саудың,жаны сау деген сөзді жалау ете отыра,университет оқытушылары үлкен дайындыққа кірісті.Осыған орай,заң факультетінде команда құрылып қызу дайындық басталды.Сол дайындықтың арқасында факультет ұжымы жоғары дәрежеде көрініп I-орынды қанжығалаған болатын.Факультет атынан спартакиадаға қатысқан оқытушылар құрамы үлкен қызығушылықпен қатысып,жақсы көңіл-күйде болғандарын айтып өтті.Спартакиада бадминтон, шахмат, үстел теннисі, ерлер мен әйелдер арасындағы волейбол, мини-футбол және тоғызқұмалақ т.б спорт түрлерінен өткізілді. Спартакиданың жеңімпаз командалары кәсіподақ атынан грамоталар және сыйлықтармен марапатталды.
Қорыта айтқанда, спортпен тек дене шынықтыру мамандары айналысу керек деген қағида жоқ. Себебі денсаулығын ойлайтын, шымыр болғысы келетін адамдар спортты серік еткені абзал. Денені аз қозғалту, күнделікті жүгірмеу, гимнастика жасамау, бір сөзбен айтқанда, қозғалыссыз жүру денсаулыққа зияндығын тигізетіні ғылыми түрде дәлелденген.
Мухамадиева Гүлжан Нүсіпжанқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті,з.ғ.к,
Шалхарова Сара — заң факультетінің студенті