Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген, Отанымыздың нағыз патриоттарын тәрбиелеуде, жоғары оқу орындарының маңызы зор. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі барлық қазақстандық жоғары оқу орындары арасында, бірінші алдыңғы қатарлы университеттердің бірі. Университетте біздің барлық аймақтардан,сондай-ақ алыс-жақыннан, шетелдерден келген, мыңдаған студенттер білім алуда. Университет әлемдік білім беру жүйесінде біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, өндіріске енгізілетін қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған жоғары деңгейдегі ғылым мен білім, рухани тәрбиелілік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. Сонымен қатар, әлемнің жетекші университеттерімен достық қарым-қатынас орнатып, қос дипломдық білім беру жүйесін белсенді дамытуда. Жыл сайын мыңнан астам шетелдік студенттер мен мұғалімдер, оқу және ғылыми тағылымдамадан өту үшін ҚазҰУ-ды таңдайды.
Университет қалашығы аумағында толық білім беру және демалысты ұйымдастыру үшін тұтас кешендер: студенттерге қызмет көрсету «Керемет» орталығы, спорт алаңдары, заманауи жабдықтармен жабдықталған медициналық орталық, кинотеатр, оқу залдары желісі, Орталық Азиядағы ең үлкен ғылыми кітапхана, студенттерге, магистранттар мен доктаранттарға арналған жайлы жатақханалармен қамтамасыз етілген.
ҚазҰУ-да он алты түрлі факультет бар. Оның әр-бірі мемлекетіміздің жан-жақты дамуымен, қоғамның қажеттілігіне сай, бәсекеге қабілетті, білімді, мықты кадрларды дайындаумен айналысады. Атап өтсек, Заң факультеті, Журналистика факультеті, Механика-математика факультеті, Химия және химиялық технология факультеті, Тарих факультеті, Медицина және денсаулық сақтау факультеті, Филология факультеті және т.б. Осы орайда ҚазҰУ-дың заң факультеті туралы айта кеткім келеді. Факультет құрамына 4 кафедра кіреді: Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы, Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасы, Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы, Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы. Заң факультетінде құқықтану, кеден ісі, криминалистикалық сараптама, сот сараптамасы мамандықтары бойынша, болашақ прокурор, сот, адвокат, заңгерлер мен құқық қорғау саласының мамандарын даярлайды. Сонымен қатар, бакалавр дәрежесін аяқтаған студенттердің магистратура және PhD докторантурасына түсуге мүмкіндіктері бар. Біздің факультетімізде білімді, ең үздік деген доцент, профессорлар, оқытушылар құрамы жұмыс жасайды.
Қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу қажет: бірі — жар таңдағанда, екіншісі — мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек. Мамандық таңдау ол оңай жұмыс емес. Заңгер мамандығы – бүкіл өміріңді арнап және өз таңдауыңды мақтан етерлік, қиын әрі күрделі, алайда өте қызықты және мәртебелі мамандық. Мамандық таңдау дегеніміз- өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау, өзің айналысқың келетін жұмысты, өзің араласқың келетін ортаны таңдау. Сол себептіде әрбір талапкер мамандықты және сол таңдаған мамандығы бойынша, мықты маман ретінде даярлайтын университетті дұрыс таңдауы қажет. Жас талабын қолдауда Ұлттық университет ешқашан аянған емес, аянбақ та емес! Қара шаңырақтан тәрбие алып өскен ұрпақ қандай болатыны елге белгілі. Міне, осы қара шаңырақта тәлім алып, өсіп-өнген ұрпақты ертеңгі ел болашағы, ертеңгі қазақ елінің бүгінгі бет-бейнесі деп нық сеніммен айта аламыз. Қайнар білімнің қара шаңырағы әлі де тамалай жастың арманын аялап, талабын ұштары анық!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу
және криминалистика кафедрасының оқытушылары
Тұрысбек Рысбек Берікұлы, Муратова Алуа Жасланқызы