Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық беріледі.
Осы бағытта «Тілге құрмет – елге құрмет» жобасы аясында «Social project managment» орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында семинар-тренингтер өткізді. Спикер – Алматы қаласы әкімі аппараты тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет.
Семинарда спикер тіл – ұлттың ұлы қазынасы екенін, оны құрметтеу әрбір азаматтың паразы екенін айтты. Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл — адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениетті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл, оның ішінде қазақ тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру — әрбіріміздің борышымыз.