2024 жылдың 14-15 қараша күндері Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жүсіпбек Елебековтің 120-жылдығына арналған ІІ Республикалық колледжаралық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Ән өнерінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебековтің шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан байқауға Республика көлемінен 35 үміткер қатысты. Екі күнге созылған ән байқауына дәстүрлі әнші, Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Шүкіман, Жеңіс Сейдуллаұлы, «Құрмет» орденінің иегері Ерлан Төлеутай, Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Талғат Әбуғазы қазылық етті.
Конкурстың алғашқы күні өнер иесі туралы «Бірегей» атты қысқаша деректі фильм көрсетіліп, Қазақстанның халық әртісі – Рамазан Стамғазы, өнертанушы, «Құрмет» орденінің иегері – Ерлан Төлеутай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Еркін Шүкімандар тау тұлға туралы өз естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар дарынды жастардың орындаушылық шеберлігінің шыңдау мақсатында Қазақстанның халық әртісі – Рамазан Стамғазы, Мәдениет қайраткері – Армат Ислямгалиев, Мәдениет саласының үздігі Шолпан Даржан шеберлік сағаттарын өткізді.
Байқауға қатысқан 35 үміткер ішінен, 15 қатысушы екінші кезеңге жолдама алып бақ сынады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды өнерпаздар екінші кезеңде Бас жүлде, 1-2-3ші орындарды, Дипломант атағын және «Көрермен көзайымы» жүлдесін өзара бөлісті. Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде ЕРМҰРАТҰЛЫ АСҚАТ, 1-ОРЫН
ОРТАЙ ЕҢЛІК, 2-ОРЫН АБЫЛАЙҰЛЫ НУРТУҒАН, АКЕЕВА АЯЖАН
3-ОРЫН МҰРАТ ГҮЛЖАЙНА, НҮПТЕКЕ ІҢКӘР, ӘЛДІБАЙ ТАҢЖАРЫҚ,
ДИПЛОМАНТ НҰРЛАН НАРГИЗА, АҚЫЛБЕК БАЛЖАН, ТАҢАТОВ ИСЛАН, ТҰРСЫНҒАЗЫ ДОСХАН, «Көрермен көзайымы»
АСЫҒАТҰЛЫ ШЫҢҒЫС, КАБИДЕНОВ ДИДАРҒА бұйырды. Конкурсқа қатысушылар ақшалар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Рамазан Стамғазы – Қазақстанның халық әртісі, Жүсіпбек Елебеков атындағы ІІ Республикалық колледжаралық дәстүрлі әншілер байқауының қазылар алқасы төрағасы;
«Қазақтың халық әндері, халық композиторларынан бөлек Абай әндерін де алғашқы жеткізушілердің бірі ретінде Жүсекеңнің атында екі жылда бір рет байқаулар өткізіліп тұрады. Бүгінгі байқауды Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің ұжымы, директоры Жеңіс Сейдуллаұлы мырза бастаған оның ішінде халық бөлімі атсалысып ұйымдастырып жатыр. Бұл колледж аралық Республикалық байқау. Аталған байқауға Қазақстан көлеміндегі әр облыстан отыз беске тарта үміткер қатысып жатыр. Бұл балалардың барлығы үлкен ұстаз алдын көрген, қанжығаларында көптеген әндері бар дарынды балалар. Әншілердің әншісі бақ сынайтын конкуста Жүсекеңнің орындаған әндері, жеткізген әндері қамтылған. Сонымен бірге әрқайсысы өзінің өңірінен шыққан мықты композиторларының әнін қамти отырып екі кезеңнен тұратын байқауға келіп жатыр. Балалардың алды жаман емес барлығының табиғи дарыны, домбыра тартуы бар. Оның ішінде оң қол мен сол қолдың қағыстары бар. Байқауға қатысушылар ән өнерінің көрнекті өкілдері, алғашқы орындаушылары Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев, Мәдениет Ишекеев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Дәнеш Рақышев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосыновтардың ән орындау нұсқаларымен алып келіп отыр. Байқауға келіп жатқан балалар әрқайсысы көнеден келе жатқан ән сақтауларды сақтай отырып сахнаға шығып жатыр. Сондықтан қуанамыз, бас аяғы отыз беске жуық бала келді. Әрқайсысы менмін деген болашақ біздің өкшемізді басып сапқа тұратын жастардың қатары көп екеніне қуанып отырмыз. Бақ сынап жатқан балаларға қойылатын ең басты талаптар ең алдымен әншінің керемет дауысы, төменгі жоғары ноталарды еркін алуы, қолының домбыраға еркін баруы, үн тазалығы, тіл тазалығы, актерлік шеберлігі, ән айтып тұрғанда алдындағы көрермендерді сезінуі, көрерменге жеткізуі және әннің ішкі драматургиясын аша білуі. Келген балалар бізді сыртымыздан біледі, жақын танысып шеберліктерін шыңдау мақсатында Батыс, Жетісу, Арқа мектептерін қамти отырып шеберлік сағаттарын өткіздік. Үн, тіл тазалығына қатысты сұрақтар болды. Жетісудің ән мектебі, мақам саздары жайлы сұрақтар болды. Елімізде дарынды жастардың өсіп келе жатқаны қуантады.
Жеңіс Сейдуллаұлы – Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
«Киелі өнерді ардақтай білген дана халқымыз Арқаның ән құдіретін аса жоғары бағалаған. Арқаның әндері мен әншілік дәстүрі көп тараған, мол жайылған беделді де белді дәстүр. Әндерінің саны мен көптігі, керемет сұлу сазы 20-ғасырдағы Қазақстан композиторларының шығармашылығында кең көрініс тапқан танымал дәстүр. Осы арқа дәстүрі әншілерінің көрнекті өкілі – Жүсіпбек Елебеков. Ол – қазақтың классикалық ән өнерін насихаттаушы әрі оны асқан шеберлікпен орындаудың ерен үлгісін елімізде ғана емес шетмемлекетке танытқан дарын иесі. Жүсекеңнің асқан әншілік өнерінің ықпалы бүгінгі күнде – қайта жаңғырып, қайта түлеп жатқан дәстүрлі музыка орындаушыларымыздың арасында өркендеп, жас буын әншілеріміз хас шебердің ән мұрасын өздерінің шығармашылық үрдісіне нысана етіп жалғастырып сақтап келеді. Осы орайда ұлы тұлға есімін иеленген қарашаңырақтың әншінің ән мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатындағы игі дәстүрі биыл екінші рет жалғасын тауып отыр. Ұлтымыздың дәстүрлі ән өнерін дәріптеуді мұрат тұтатын шара еліміздің мәдени өміріндегі айшықты оқиғалардың бірі болары сөзсіз. Осындай дәстүрлі шараны өткізуге қолдау білдірген ел азаматы Болат Бейсенғалиұлына алғысымыз шексіз.
Болат Аманбаев — Байқаудың бас демеушісі, «BB Partners» ЖШС директоры, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры.
«Жүсіпбек Елебеков – ұлт мәдениетінің, оның ішінде дәстүрлі бекзат өнердің сақталуына, қарыштауына зор еңбек сіңірген дарынды өнер иесі. Жүсіпбек Елебековтің есімін ұлықтауға арналған конкурсқа қатысушылардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл біздің рухани жетістігіміз. Жүзден-жүйрік, мыңнан тұлпар дарынды өнерпаздардың басын қосып, кәсіби деңгейлерінің өсуіне өз ықпалын тигізетін бұл шараның бүгінгі күнде мәдени маңызы орасан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық өнер арқылы беріледі. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады», — деген. Осы орайда қазақ әнін жаңғыртқан, рух шырақшысы – Жүсіпбек Елебеков есімі дарынды өнерпаздар барда мәңгі жарқырай бермек.
Ж. Елебеков атындағы Республикалық
эстрада-цирк колледжінің
баспасөз қызметі